Жапонияның астанасы Токиода өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында сурдо дзюдодан жарыстар басталды. Айтулы додада екі астаналық спортшы сәтті өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына қос бірдей медаль салды.
70 кг салмақ дәрежесінде елордалық спортшы Амина Файзуллина финалда украиналық Марина Похореловамен белдесіп, қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Сурдлимпиада чемпионы атанды. Бұл — 17 жасар Аминаның халықаралық деңгейдегі алғашқы жарқын жеңісі.
Ал аса ауыр салмақ — +100 кг санатында өнер көрсеткен Астана спортшысы Сабыржан Хапизов украиналық Володимир Маклаковты ұтып, Сурдлимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері атанды.
Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода биыл ерекше тарихи мәнге ие — Сурдлимпиадалық қозғалыстың 100 жылдығымен тұспа-тұс келді. Ойындарға 81 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 209 дисциплина бойынша сынға түсуде.
Қазақстан ұлттық құрамасы биылғы жарыстарға 78 спортшымен қатысып, 8 спорт түрінде ел намысын қорғауда. Олардың қатарында Астана қаласынан 5 спортшы бар, және олар 4 түрлі спорт түрі бойынша бақ сынайды.

