[bvi]
«Елорда» спорт клубының спортшылары Майкенов Бақытжан мен Қамбарова Айғаным пара шахматтан
Қазақстан қоржынына алтын және күміс медаль салды.






1–13 маусым аралығында Испанияның Гуардамар қаласында тірек-қимыл аппараты зақымданған
спортшылар арасында «25th IPCA World Individual Chess Championship 2026» Әлем чемпионаты өтті.
Әлемнің 15 елінен келген 50-ге жуық үздік шахматшы қатысқан додада елордалық спортшылар
жоғары нәтиже көрсетті.
Майкенов Бақытжан классика дисциплинасында қарсыластарына дес бермей, әлем чемпионы атанды.
Ал Қамбарова Айғаным рапид бағдарламасында сәтті өнер көрсетіп, 9 тур қорытындысы бойынша
6 ұпай жинап, әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды.
«Әлем чемпионатында бәсеке өте жоғары деңгейде өтті. Осындай тартысты додада спортшыларымыз
өздерінің жоғары шеберлігі мен мықты дайындығын көрсетті. Бақытжан әлем чемпионы атанса,
Айғаным қосымша көрсеткіштер бойынша вьетнамдық қарсыласынан басым түсіп, күміс жүлдеге
қол жеткізді. Бұл жетістіктер – спортшылардың қажырлы еңбегі мен жүйелі дайындығының нәтижесі»,
– деді аға жаттықтырушы Зинятқыз Нүсіпбаева.
Әлем чемпионатындағы жүлделі нәтижелер қазақстандық пара шахматтың әлеуеті жоғары екенін
тағы бір мәрте дәлелдеді.
Спортшыларымызды жарқын жеңістерімен құттықтаймыз!