[bvi]
Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Елшісінің резиденциясында Айти және Нагоя қалаларында
өтетін XX жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындары қарсаңында қазақстандық спортшыларға
арналған ресми қабылдау өтті.






Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық және Ұлттық Паралимпиадалық комитеттерінің,
Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, спорт федерациялары және алдағы жарыстарда ел намысын
қорғайтын спортшылар қатысты.
Кездесуге V Азия Пара ойындарында Қазақстанның намысын қорғайтын Астана қаласының спортшылары да
қатысты. Олардың қатарында пара велоспорттан Ринат Марденов пен
Берік Қартпаев, пара үстел теннисінен Алтынай Ержанқызы,
пара жеңіл атлетикадан Айсұлу Сүлейменова және отырып ойнайтын пара волейболдан
Алмат Оспанов бар.
Қазіргі таңда V Азия Пара ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасының 12 спорт түрінен 179 спортшысының
қатысуы жоспарлануда. Оның ішінде Астана қаласынан 24 спортшы 8 спорт түрінен ел намысын қорғайды.
Жапонияның Қазақстандағы Елшісі Ясумаса Иидзима қазақстандық спортшыларға ізгі
тілегін білдіріп, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі. Ол 2026 жылғы Азия ойындарының Жапония үшін
ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы жетістіктеріне
жоғары баға берді.
«Соңғы бірнеше жылда Қазақстан халықаралық жарыстарда, соның ішінде Олимпиада ойындарында
айтарлықтай жетістіктерге жетті. Мұның барлығы жас әрі қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның
әлеуетін көрсетеді. Ал сіздер, спортшылар, осы жетістіктің маңызды бөлігісіздер. Қазақстан
құрамасына алдағы жарыстарда сәттілік тілеймін», – деді Ясумаса Иидзима.
Өз кезегінде Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілдері Жапония тарапының қазақстандық
командаға көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс білдірді. Тараптар спорттың екі ел арасындағы
достық қарым-қатынасты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Айти мен Нагояда өтеді. Жарыс
бағдарламасына 43 спорт түрі енгізіліп, 469 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан атынан
шамамен 560 спортшының қатысуы күтілуде.
Ал V Азия Пара ойындары 18–24 қазан аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы параспорттың бірнеше
түрінен өнер көрсетіп, ел намысын қорғайды.