Паралимпиадалық жаттықтыру орталығында қалалық спорт басқармасына қарасты балалар – жасөспірімдер спорт мектебі, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің есту мүшесі зақымдалған спортшыларына «Тоқта, вандал» бойынша профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Түсіндірме жұмысы барысында аталмыш мекеме қызметкерлері пара спортшыларға қалалық мүліктің бүлінбеуі мен қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығы жайында бейне сюжет көрсетіліп, мысалдар келтірілді.
Қалалық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиеваның сөзінше мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты өтетінің тілге тиек етті.
– Қоғамдық тәртіпті насихаттауға арналған осындай кездесулерді елорданың әрбір ауданында орналасқан спорттық мектептерде және кешкі жаттығу барысында жиі ұйымдастырып отырамыз. Өздеріңіз білесіздер мемлекет басшысы даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретініне баса назар аударған болатын. Осыған орай 2023 жылы қалалық әкімдікпен бірлесе отырып және мемлекет басшысының аталған Жолдауы аясында елорда да вандализммен күрес жұмысы күшейтілген болатын. Алдағы уақытта да вандализм және қоғамдық тәртіп шаралары бойынша спортшылармен кездесулерді үзбей өткізетін боламыз -, деді ол.
Айта кетейік, өткен жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қала тұрғындары қолдау білдірген «Тоқта, вандал» акциясы жұмыс істейді.
Акция аясында қала бойынша күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі, халық арасында қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмысы жүргізіледі.