Бүгін елордада екінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Run for Autism» қайырымдылық жарысына қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясына қолдау көрсетті. «Run for autism» шарасы Астана қаласы әкімдігі, «Болашақ» корпоративтік қоры мен өзге серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.
Жүгірісті қолдауға қала тұрғындарынан бөлек, Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, бокстан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері әрі қалалық спорт басқармасының басшысы Василий Левит, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен 5 шақырымда арнайы қатысты.
Қайырымдылық жүгіріске қатысуға Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Орал, Өскемен, Қызылорда, Көкшетау, Екібастұз, Степногорск, Талдықорған, Шахтинск, Ақтөбе, Семей, Арқалық, Атырау, Қостанай қалаларынан барлығы 2330 адам өтінім білдірген. Жүгіріске кәсіби және әуесқой спортшылар, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар, дамуында ерекшеліктері бар 120 бала, ата-аналар және т.б. қатысты.
Бүгінгі жарысқа Астана қаласының пара спортшылары да қатысты. Астана қаласы әкімдігінің «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы» КММ ата-аналар тобының төрайымы Пернеш Әбдікәрімова аутизмі бар балаларды қолдауға арналған шара өзінің менталдық бұзылысы бар ұлы Қадыржанның туған күнімен тұспа тұс келгенін айтты. Жарыс алдында Шәріп Қадыржанға ұйымдастырушылар құрмет көрсетіп, сертификат табыс етті.
Run for autism шарасына қатысушылардың бірі бұған дейін бірнеше марафондарды бағындырған, Арбадағы үлкен теннистен ел Чемпионатында, Қазақстан Кубогінде жүлделі орындар алған, BNP Paribas Әлем кубогы Азиа іріктеу кезеңіне қатысушы Дінмұхамет Әлияқпаров азаматтарды ізгі іспен айналысып, қайырымдылық жасауға шақырды.
Run for Autism қайырымдылық жарысы қорытындыланған соң қатысушылардың барлығы «Таза Қазақстан» акциясына қолдау көрсетті. Олар спортшылар жүгіріп өткен жолдар мен айналаны қоқыстардан, қағаз бен басқа да пластик бұйымдардан тазартты.