Бүгін Астана қаласы әкімдігінің мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы 2025 жылды қорытындылап, спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымызды марапаттау рәсімі өтті.
Биыл елордалық спортшылар пара спорт және сурдо спорт тарихында айрықша із қалдырды. Жыл қорытындысы бойынша спорт клуб жалпы саны 600-ге жуық медаль иеленіп, соның ішінде 500-і республикалық және 100-ге жуығы халықаралық жарыстардан топ жарып, маңдай тер мен табанды еңбектің нақты нәтижесін көрсетті.
2025 жылы спортшыларымыз халықаралық ареналарда да өз шеберліктерін паш етіп, көк Туымызды биікке көтере білді. Әсіресе Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің жетістігі — баршамыз үшін үлкен мақтаныш. Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірлігінде өткен жасөспірімдер арасындағы V Пара Азия ойындарында да спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетіп, еліміздің намысын абыроймен қорғады.
Осы жылғы ең үлкен жетістіктердің бірі — төрт жылда бір өтетін VII Республикалық Пара Спартакиадада Астана қаласының спортшылары жалпы командалық есепте 1-орын иеленіп, қарсыластарынан оқ бойы озып шықты.
Бұл жетістіктер Астана қаласында пара және сурдо спорттың жүйелі түрде дамып келе жатқанын және командалардың бәсекеге қабілеттілігінің артқанын көрсетеді. Осы нәтижелердің дәлелі ретінде «Елорда» спорт клубы 2025 жылы Астана қаласы бойынша «Жылдың үздік спорттық ұйымы» номинациясының жеңімпазы атанды.
Осы жолда аянбай еңбек еткен жаттықтырушыларға, мамандарға, ата-аналарға және барлық қолдаушыларға алғыс білдіреміз.
«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» демекші, алда 2026 жылы күз айында Жапония мемлекеті Нагоя қаласында ересектер арасында Пара Азия ойындары, сурдо спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасы, сондай-ақ Азия–Тынық мұхит чемпионаттары күтіп тұр.
Біз сенеміз: қайсар рухты, жігері жалындаған спортшыларымыз бұл жолы да жаңа биіктерді бағындырып, ел мерейін асқақтатады.
Баршаңызға зор денсаулық, жаңа жеңістер мен толағай табыс тілейміз!

Continue reading ««ЕЛОРДА» СПОРТ КЛУБЫНЫҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ҚОРЫТЫНДЫ ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ! 🏆🥳»
















