Написать нам заявку
  • Русский
  • Қазақ тілі
  • Астана қаласы әкімдігінің «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
    inst
    Написать нам заявку
    Экран диктора

    БОЧЧА: АСТАНА ҚАЛАСЫ КОМАНДАЛЫҚ БӘСЕКЕДЕ ЧЕМПИОН АТАНДЫ

    Боччадан Астанада өтіп жатқан үшінші ел чемпионатының шешуші жұптық және командалық сайыстар бойынша жеңімпаздары анықталды.

    Астана қаласының жүлдегерлері:

    Ересектер арасындағы жұптық сайыс бойынша (BC3 класс) Нұралы Нұрманқұл, Ярослав Осипенко 2-орынды иеленді.

    Ал ересектер арасындағы командалық бәсекеде Итиана Шыңғысқызы, Меруерт Тілебалды, Ерхат Алмат 1-орынды қанжығалады.

    «Елімізде бочча спортының негізін қалаушы Сұлтанбек Орынбасаровтың алғашқы шәкірттерінің бірі едім. 7 жылдан бергі уақытта Қазақстан чемпионатының жеке сайысында 2 мәрте қола жүлдеге ие болдым. Биыл бірінші рет командалық сайыс өткізіліп, өзім аңсаған чемпион атағына қол жеткіздім», – деді астаналық спортшы Ерхат Алмат.

    2023 жылы ел чемпионатына 47 адам қатысса, биыл олардың саны 89-ға жеткен.

    «Биылғы жарыс өте жоғары деңгейде өтті деуге болады. Себебі былтырғыға қарағанда қатысушылардың саны 2 есеге көп болды. 12 өңірден арнайы қатысты. Олардың ішінде БҚО, Түркістан облысы бірінші рет бақ сынады. Сондай-ақ жарыс барысында электронды табло қолданылды. Мұның бір ерекшелігі – турнирдің онлайн нәтижесін өзге елдер де көре алды. Осылардың барлығы елімізде боччаның жақсы деңгейде дамып жатқанын көрсетеді. Барлықтарыңызды құттықтаймын!» – деді ҚР Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев.

    Енді жерлестеріміз үшін осы жылғы басты жарыс саналатын әлем чемпионаты 14-22 қараша күндері аралағында Бахрейннің Манама қаласында өтеді.

    ЕЛОРДАЛЫҚ СПОРТШЫЛАР ПАРА КАРАТЭДЕН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНА ҚАТЫСТЫ

    Қазақстанда пара каратэ бойынша IV республикалық чемпионат өткізілді. Бұл мүгедектігі әртүрлі адамдарға арналған каратэ жекпе-жек өнерінің бейімделген түрі.

    «Бұл спорт физикалық шектеулерге қарамастан барлығына каратэге қатысуға мүмкіндік беруге тырысады және күш, үйлестіру, төзімділік және өзіне деген сенімділік сияқты физикалық және психикалық қасиеттерді дамытуға ықпал етеді. Бұл спорт түрімен тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру қабілеті бұзылған, Даун синдромы бар спортшылар, арба отырған адамдар айналысады. Қатысушылардың жасы 7-ден 60-қа дейін», – деді ҚР каратэ федерациясының президенті, ҚР каратэ-додан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мейрамгүл Дүкуева.

    Пара каратедегі спортшылар мүгедектіктің түріне және дәрежесіне байланысты әртүрлі санаттарда жарысады. Жіктеу қатысушыларға тең жағдай жасауға және адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    «Негізгі пәндерге ката (формальды жаттығулар) кіреді – спортшылар техника және орындау бойынша төрешілер бағалайтын қозғалыстардың белгілі бір тізбегін орындайды», – деп жалғастырды ҚР каратэ федерациясының президенті.

    Айта кетейік, бұл чемпионат осы жылдың желтоқсан айында Алматыда өтетін Азия біріншілігіне іріктеу болып саналады. Оған Ақмола, Атырау, Жамбыл облыстарынан, Шымкент және Орал қалаларынан 50 спортшы қатысты.

    АСТАНАДА БОЧЧАДАН ІІІ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ӨТІП ЖАТЫР

    Боччадан Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек спорт сарайында үшінші Қазақстан чемпионаты басталды.

    Кейінгі 2 жылда бұл спорт түрі танымалдыққа ие бола бастады. Себебі қысқа ғана уақытта Қазақстан чемпионатынан бөлек, былтыр бірінші рет Қазақстан кубогі, Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған турнир т.б біршама жарыстар ұйымдастырылды. Қазақстан ұлттық құрамасы сапына кірген пара спортшылар 2023 жылы Азия Пара ойындарында алғаш рет бақ сынады.

    «Боччадан Қазақстан чемпионаты жаңа деңгейге көтеріліп отыр. 2023 жылы біріншілікке 47 пара спортшы қатысса, биыл олардың саны 90-ға жуықтады. Паралимпиадаға кіретін пара спорт түріне қызығушылық уақыт өткен сайын артып жатыр. Қазіргі сәттің өзінде республикамыздың 10 өңірінде филиалдарымыз жұмыс істеп жатыр. Ұлттық құрама сапында 41 отандасымыз бар. Енді ғана дамып жатқан пара спорт түрінде халықаралық турнирлерде алғашқы жүлделер де қоржынымызға түсе бастады. Мамыр айының ортасында Финляндияда өткен халықаралық додада жеке сайыстан Қуаныш Асқарбеков пен командалық бәсекеде қола жүлдеге ие болдық. Бұл біздің жетістіктеріміздің бастауы деп білемін. Алдағы уақытта қола жүлде күміс пен алтынға айналады деп сенемін. Осы пара спорт түрін қолдап отырған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіремін. Боччамен айналысып жатқан барша жандар мен ата-аналарға ерекше рақметімді айта отырып, бәріңізге сәттілік тілеймін», – деді Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев ашылу салтанатында.

    Биылғы жарыстың басты ерекшелігі – командалық және жұптық бәсекеде жүлделер сарапқа салынып жатыр.

    Айта кетейік, боччадан Қазақстан чемпионаты 31 мамырға дейін жалғасады.

    СИЯЗБЕК ДАЛИЕВ ПАРА ЖҮЗУДЕН ӘЛЕМ СЕРИЯСЫНЫҢ 2 ДҮРКІН ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ.

    17 – 19 мамыр аралығында Сингапур қаласында пара жүзуден әлемдік сериясы өтті. Аталмыш жарысқа 21 елден 126 – дан астам спортшы сынға түсті. Пара жүзуден бас жаттықтырушы Айдар Картпаев:

    «Пара жүзуден классификациялық әлем сериясы өтті. Ұлттық құрама қатарында Кенжебек Диас, Жұмағали Нұрдаулет, Далиев Сиязбек, Габидуллина Зульфия өнер көрсетті. Елордалық пара спортшы Сиязбек Далиев жарыстың 1 – 2 күндеріның қорытындысы бойынша 50 м баттерфляй мен 50 м арқамен жүзу дистанциялары бойынша қола медаль иеленді. Әлем сериясы – паралимпиадалық ойындары алдында норматив бойынша минималды ұпай санын беретін классификациялық жарыс болып есептеледі. Алдағы уақытта да әлемдік деңгейдегі халықаралық жарыстар бар. Ұлттық құрама лицензияны иелену тер төгіп, аянбай еңбектенуде. Жақсы нәтиже көрсетеміз деген үміттемін» – деді.

    RUN FOR AUTISM: АСТАНАДА ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАСЫ ЭКОАКЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

    Бүгін елордада екінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Run for Autism» қайырымдылық жарысына қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясына қолдау көрсетті. «Run for autism» шарасы Астана қаласы әкімдігі, «Болашақ» корпоративтік қоры мен өзге серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.

    Жүгірісті қолдауға қала тұрғындарынан бөлек, Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, бокстан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері әрі қалалық спорт басқармасының басшысы Василий Левит, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен 5 шақырымда арнайы қатысты.

    Қайырымдылық жүгіріске қатысуға Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Орал, Өскемен, Қызылорда, Көкшетау, Екібастұз, Степногорск, Талдықорған, Шахтинск, Ақтөбе, Семей, Арқалық, Атырау, Қостанай қалаларынан барлығы 2330 адам өтінім білдірген. Жүгіріске кәсіби және әуесқой спортшылар, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар, дамуында ерекшеліктері бар 120 бала, ата-аналар және т.б. қатысты.

    Бүгінгі жарысқа Астана қаласының пара спортшылары да қатысты. Астана қаласы әкімдігінің «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы» КММ ата-аналар тобының төрайымы Пернеш Әбдікәрімова аутизмі бар балаларды қолдауға арналған шара өзінің менталдық бұзылысы бар ұлы Қадыржанның туған күнімен тұспа тұс келгенін айтты. Жарыс алдында Шәріп Қадыржанға ұйымдастырушылар құрмет көрсетіп, сертификат табыс етті.

    Run for autism шарасына қатысушылардың бірі бұған дейін бірнеше марафондарды бағындырған, Арбадағы үлкен теннистен ел Чемпионатында, Қазақстан Кубогінде жүлделі орындар алған, BNP Paribas Әлем кубогы Азиа іріктеу кезеңіне қатысушы Дінмұхамет Әлияқпаров азаматтарды ізгі іспен айналысып, қайырымдылық жасауға шақырды.

    Run for Autism қайырымдылық жарысы қорытындыланған соң қатысушылардың барлығы «Таза Қазақстан» акциясына қолдау көрсетті. Олар спортшылар жүгіріп өткен жолдар мен айналаны қоқыстардан, қағаз бен басқа да пластик бұйымдардан тазартты.

    Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит мүгедектігі бар спортшылармен кездесіп, оқу – жаттығу барысын бақылады.

    Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит мүгедектігі бар спортшылармен кездесіп, оқу – жаттығу барысын бақылады. Кездесу барысында спортшылар тілдесіп, түйіткілді мәселелерді атап, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөліскен болатын. Басқарма басшысы Василий Алексеевич рухы мықты спортшыларға алдағы уақытта республикалық, халықаралық жарыстар алдында сәттілік тілеп қайтты.

    ҚОЗҒАЛЫСТАҒЫ ӘЛЕМ: АСТАНАДА СПОРТШЫЛАРДЫ ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ

    Олимпиадалық қозғалысты насихаттау және спортшыларымызды қолдау мақсатында арнайы іс-шара өтті.

    Отандық спорт үшін 2024 жылдағы басты дода – Париж Олимпиадасы мен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Осы орайда бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев, ауыр атлетикадан 2 дүркін әлем чемпионы Светлана Подобедова, парапауэрлифтингтен Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева салтанатты іс-шараға қатысып, әлемдік бәсекеге қатысатын жерлестерімізге сәттілік тіледі.

    Париж Олимпиадасының басталуына 70 күн, Париж Паралимпиадасының басталуына 102 күн, V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына 111 күн қалды.

    Аз ғана мерзім қалса да, отандастарымыз әлі толыққанды жолдама алмады. Дәл қазіргі сәтте спорттық гимнастика мен үстел теннисінен спортшыларымыз Өзбекстанда бақ сынап жатса, брейкинг пен құзға өрмелеушілеріміз Қытайда лицензияға таласуда. Бүгінгі шараның өткеніне өте қуаныштымын. Барлықтарыңызды қолдауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын, – деді Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев.

    Әзірше Париж Олимпиадасы бойынша Қазақстан қоржынында 51 лицензия бар.

    Париж Паралимпиадасының жолдамасына Астана қаласынан 5 параспортшы әлі таласып жатыр. Парадзюдодан шешуші ұпай үлестірілетін жарыс Тбилисиде ұйымдастырылып, маусым айында толық рейтинг жарияланады. Дәл қазіргі сәтте Ақмарал Науатбек әлемдік рейтингте 1-орын, Ерғали Шамей 3-орында, Бауыржан Арыстанбек 6-орында тұр. Паратеннистен де Алтынай Ержанқызының мүмкіндігі бар. Ал паражүзуден Токио Олимпиадасының қатысушысы Сиязбек Далиев нормативті орындағанымен, әлі толық шешім шықпады.

    Соңғы жылдардағы көрсеткіштерге қарап, елордамызда параспорт қарқынды дамып жатыр деуге негіз бар. Мысалы, 2018 жылы Джакартадағы Азия Пара ойындарына Астанадан 5 параспортшы қатысса, 2023 жылы Ханчжоуда олардың саны 2 есеге артты, – деді қалалық «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы» КММ басшысы Азамат Тағаев.

    Айта кетейік, қатысушылар тек қана танымал спортшыларды көріп қана қоймай, түрлі викторина сұрақтарына жауап берді.