Күні кеше Қазақстанның елордасы Астана төрінде жалауы желбіреген пара үстел теннисінен халықаралық турнирдің бірінші жарыс күні аяқталды.
Жарыстың алғашқы күнінде жекелей разряд нәтижесінде үш бірдей жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтар болсақ ITTF Fa20 Astana para open 2024 халықаралық турнирінде ұлттық құраманың мықты ойыншысы елордалық Алтынай Ержанқызы 9-10 санат бойынша қола жүлдеге қол созды.
Сондай-ақ, 4-ші және 8-ші санат бойынша сынға түскен жерлестеріміз Александра Степанова мен Балзия Таш үздік үштіктер қатарын толықтырды.
Байрақты бәсекенің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қалалық Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубының басшысы Азамат Тагаев қатысты.
Енді отандастарымыз бүгін және ертең айтулы доданың жұптық, жұптық – аралас түрлерінен бақтарын сынайды.
«Қазақстан құрамасы аталмыш додада жоспарлағанымыздай сәтті аяқтады. Десе де біз үшін турнир аяқталды деп айтуға әлі ерте. Ертең жұптық, жұптық – аралас, жарыста бақ сынаймыз. Жекелей сайыс бойынша құрама жоспарды толық орындады. Жеңімпаз және жүлдегерлер атанған спортшылардың басым бөлігі халықаралық жарыстарға алғаш рет бақ сынауда. Осындай халықаралық дәрежедегі алғашқы жарыстарына қатысып, халықаралық клас алған спортшылар қатары толықты. Құрама команда спортшылары намысты қолдан бермеді. Мұнда ойын аланыңа шыққан әрбір пара спортшы ерекше құрметке ие және олардың ерік-жігері бәрімізге үлгі деп ойлаймын», – дейді пара үстел теннисі федерациясының бас хатшысы Медет Байкен.
Айта кетейік, халықаралық турнир тірек–қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында, сондай-ақ интеллектуалды мүмкіндіктері шектеуі спортшылар арасында Астана төрінде алғаш рет өтіп жатыр.
Наурыздың 3-не дейін жалғасатын жарыста әлемнің 17 елінен келген пара спортшылар Астанадағы ADD Tabletennis center үстел теннисі орталығында шеберліктерін сынайтын болады.
