Написать нам заявку
  • Русский
  • Қазақ тілі
  • Астана қаласы әкімдігінің «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
    inst
    Написать нам заявку
    Экран диктора

    АСТАНАЛЫҚ ПАРАСПОРТШЫЛАР ITTF WORLD PARA CHALLENGER ASTANA 2025 ТУРНИРІНДЕ 4 ЖҮЛДЕ ЖЕҢІП АЛДЫ!

    30 шілде мен 3 тамыз аралығында алғаш рет Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында пара үстел теннисінен ITTF World Para Challenger Astana 2025 халықаралық турнирі өтті.

    Бес күнге созылған дүбірлі додада еліміздің атынан 39 спортшы бақ сынады. Олардың ішінде Астана қаласынан 9 спортшы ел намысын қорғап, жекелей, жұптық және аралас жұптық сайыстарда табысты өнер көрсетті.

    Жарыс нәтижелері:

    9-санат бойынша сынға түскен ұлттық құраманың көшбасшысы, елордалық Алтынай Ержанқызы шешуші ойында үндістандық спортшы Прузви Жайдев Барвты 3:0 есебімен жеңіп, жарыстың қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ Алтынай жұптық сайыста WD14–20 санаты бойынша бейтарап спортшы Сафира Файзутдиновамен жұп құрап, күміс медаль жеңіп алды. Ал аралас жұптық сайыста Алтынай Ержанқызы Марат Суртубаевпен бірге өнер көрсетіп, тағы бір күміс жүлдеге қол жеткізді.

    Сонымен қатар, астаналық Александра Степанова WD5–10 санатындағы жұптық сайыста түркиялық Хатис Думанмен бірге өнер көрсетіп, қола медаль иеленді.

    Осылайша, елордалық параспортшылар жалпы есепте 4 жүлде жеңіп алды.

    АСТАНАЛЫҚ СПОРТШЫЛАР ҮНДІСТАНДАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРҒА ИЕ БОЛДЫ!

    19–30 шілде аралығында Үндістанның Гоа қаласында ересектер арасындағы тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында классикалық шахматтан әлем чемпионаты өтті!
    Бұл халықаралық турнирге әлемнің 18 мемлекетінен 100-ге жуық спортшы қатысты.
    Қазақстан құрамасының сапында ел намысын қорғаған астаналық спортшылар -Бақытжан Майкенов пен Айғаным Қамбарова жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді:
    Майкенов Бақытжан — 2- орын (блиц), 3-орын (классика)
    Қамбарова Айғаным — 2-орын (блиц, рапид), 3-орын (классика)
    Жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

    СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫ ІСКЕ АСЫРУ – ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СПОРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНДАҒЫ ҰСТАНЫМЫН НЫҒАЙТУДА

    Мемлекет басшысының жоғары жетістіктер спортын және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жүйелі қолдауы мен стратегиялық шешімдерінің нәтижесінде Қазақстан халықаралық спорт аренасындағы орнын нықтап келеді. Биылғы алғашқы алты айда елімізге 13 халықаралық спорт федерациясы мен ұлттық олимпиада комитеттерінің басшылары келді. Бұл – Қазақстанның әлемдік спорт қауымдастығындағы беделінің артып, атқарылып жатқан мемлекеттік саясатқа деген сенімнің жоғары екенін көрсетеді.

    Президент тапсырмаларын орындау мақсатында Туризм және спорт министрлігі халықаралық федерациялармен ынтымақтастықты кеңейту, инфрақұрылымды дамыту және елімізде маңызды спорттық іс- шараларды өткізу бағытында кешенді жұмыстар атқаруда.

    Қазақстанның жаһандық спорт аренасындағы басқарушылық рөлін күшейтудегі алғашқы маңызды қадам – сала министрі Ербол Мырзабосыновтың Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Директорлар үйлестіру комитетінің мүшесі болып сайлануы болды. Аталған комитет 13 елдің өкілдерінен құралған және әлемдік дзюдоның стратегиялық дамуына жауапты, 20 комиссияның жұмысын үйлестіреді. Қазақстан – бұл құрылымда Орталық Азиядан өкілдік ететін жалғыз мемлекет.

    Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы әлеуетінің арта түскенін Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың IJF-тің жаңа технологиялар және тиімділікті арттыру бойынша комиссиясының құрамына енуі дәлелдейді.

    Елімізде институционалдық және спорттық бағыттар қатар дамып келеді:

    🔹2027 жылы дзюдодан әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді – бұл отандық дзюдо тарихындағы екінші әлем біріншілігі;

    🔹2023 жылдан бастап Астанада Grand Slam сериясындағы Qazaqstan Barysy турнирі ұйымдастырылып келеді (биыл отандық спортшылар 9 медаль жеңіп алды, жүлде қоры – 154 000 еуро);

    🔹2024 жылдың мамырында елордада парадзюдодан (IBSA) әлем чемпионаты өтті, оған 38 елден 300-ден астам спортшы қатысты;

    🔹Астанада халықаралық деңгейдегі төрешілер мен жаттықтырушыларды даярлайтын IJF академиясын ашу жоспарлануда.

    Сонымен қатар дзюдо ел ішінде де жаппай дамып келеді – бүгінде бұл спорт түрімен 160 000-нан астам адам айналысады. Бұл қадамдар Қазақстанды халықаралық спорт қозғалысында белсенді әрі сенімді серіктес ретінде тұрақты түрде ілгерілетуге бағытталған.

    «ДАРЫН» МЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫНА БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАНДЫ

    «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы –  ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында ұсынылады.                   Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді.                                                   Сыйлық алуға халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.

    Конкурсқа қатысуға құжаттар  2025 жылғы 26 маусымнан 27 тамыз аралығында (қоса алғанда) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі (қағаз нұсқа)  мына мекенжай бойынша: Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 8, «Министрліктер үйі» ғимаратының 14-кіреберісінде, ал (электрондық нұсқа)  premiya.daryn@mki.gov.kz поштасы арқылы қабылданады.

    Анықтама телефондары: 8 (7172) 74-05-25, 8 (7172) 74-18-43, 8 701 170 46 54 (жұмыс күндері, сағ. 9:00-ден 18:30-ға дейін).

    «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының қағидасы: https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/documents/details/861853?lang=kk https://www.instagram.com/p/DMFJs2bIjDA/?igsh=eHA5cmk2ZDV3emF3

    ЕКІ ЖҮЛДЕ, ЕКІ ЖЕҢІС — АЙСҰЛУДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРЕНАДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ!

    3-4 шілде аралығында Чехияның Оломоуц қаласында пара жеңіл атлетикадан «Olomouc Grand Prix» атты халықаралық жарыс өтті. Жарысқа 46 мемлекеттен келген 171 спортшы өзара шеберліктерін ортаға салды.
    Қазақстанның намысын қорғаған Сүлейменова Айсұлу жүзден жүйрік шығып, өте жоғары нәтиже көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша Айсұлу 2-орын (100 метр), 3-орын (200 метр) иеленді!
    Сүлейменова Айсұлу жарыс туралы өз ойымен бөлісті:
    Чехияның Оломоуц қаласындағы жарыс өте жоғары деңгейде өтті — қатысушылардың қатарында олимпиада чемпиондары да болды. Бұл мен үшін ерекше маңызды сәт, себебі бұл осы санаттағы алғашқы әйелдер арасындағы жарыс болды — мен осындай тарихи сәттің бір бөлігі болғаныма мақтанамын. 100 метрге күміс, 200 метрге қола жүлде — бұл жай ғана медаль емес, бұл бәріміз үшін үлкен қадам.
    Жеңіс құтты болсын! Алдағы жарыстарда да тек жеңіс пен биік белестерді бағындыруыңды тілейміз!

    АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ПАРА СПОРТШЫЛАРЫ ТӨРТ ЖЫЛДА БІР КЕЛЕТІН VII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДАДА ТОП ЖАРДЫ!

    Өскемен қаласында пара спортшылар арасындағы VII республикалық спартакиаданың жабылу салтанаты өтті. Шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, қатысушыларға жүрекжарды тілегін жеткізді.
    Бір айға созылған дүбірлі додаға еліміздің 20 өңірі мен қалаларынан 2000-ға жуық спортшы қатысып, 17 спорт түрінен бақ сынады. Оның ішінде 7 спорт түрі елордада өткізілді: волейболды отырып ойнау, пара таэквондо, пара дзюдо, бочча, пара би, пара садақ ату және пара каратэ.
    Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Астана қаласы 463 ұпай жинап, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды тиісінше Алматы қаласы мен Алматы облысының спортшылары иеленді.
    Астана қаласының құрама командасы 189 спортшы қатысып, қаланың абыройын қорғады. Олардың қатарында елге танымал спортшылар да бар. Атап айтсақ, пара дзюдодан – Ақмарал Науатбек, Ерғали Шамей, Асылан Нұрдәулетов, пара жүзуден – Сиязбек Далиев пен Али Тұрғанбек, пара оқ атудан – Севда Алиева, ал жеңіл атлетикадан – Айсұлу Сүлейменова.
    Айта кетерлігі, биылғы спартакиадада алғаш рет зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар да бақ сынап, жүзу, жеңіл атлетика және үстел теннисінен өз шеберліктерін көрсетті.

    АСТАНА ПАРАВЕЛОСПОРТШЫЛАРЫ СПАРТАКИАДАДА КҮМІС ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

    Спартакиада аясында 28-29 маусым күндері Өскемен қаласында пара велоспорттан өткен жарыс өз мәресіне жетті!
    Бәсекеге еліміздің 6 облысынан спортшылар қатысып, өзара бақ сынады. Астана қаласының намысын 10 спортшы қорғап, жоғары нәтиже көрсетті. Жалпы командалық есеп бойынша Елорда командасы 2-орынға ие болды.
    Құттықтаймыз!

    ПАРА ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН СПАРТАКИАДА ЖАРЫСЫ АЯҚТАЛДЫ!

    Спартакиада аясында 23-29 маусым аралығында Өскемен қаласында өткен пара үстел теннисі жарысы өз мәресіне жетті! 18 аймақтан 200-ге жуық спортшы бақ сынаған додалы бәсекеде Астана командасы жалпы командалық III орынға ие болды!

    Жекелей сында:
    Степанова Александра – 1 орын
    Айдарханова Сауле – 1 орын
    Ержанқызы Алтынай – 1 орын
    Рогова Антонина – 1 орын
    Алиева Жанна – 2 орын
    Кайдасова Гульмира – 2 орын
    Таш Балзия – 2 орын
    Корх Ольга – 3 орын

    Жұптық сында:
    Айдарханова Сауле – Степанова Александра – 1 орын (WD10)
    Ержанқызы Алтынай – Кайдасова Гульмира – 1 орын (WD20)
    Таш Балзия – Корх Ольга – 3 орын (WD20)
    Сигарев – Абдрахманов – 2 орын (MD22)

    Аралас жұптық сында:
    Степанова – Масгутов – 1 орын (XD7)
    Сигарев – Рогова – 1 орын (XD22)
    Гильфанов – Алиева – 2 орын (XD7)
    Жақыпбек – Ержанқызы – 2 орын (XD17)

    Астана командасының барлық спортшыларын құттықтаймыз!

    ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДОДАДА ЕЛ НАМЫСЫН АСҚАҚТАТТЫ!

    16-26 маусым аралығында Сербияның Врнячка Баня қаласында көру қабілеті зақымдалған спортшылар арасында Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы өтті!
    Бұл беделді жарысқа 22 елден 113 спортшы қатысты.
    Қазақстан намысын қорғаған Нұрғиса Қуанышұлы мықтылардың арасынан суырылып шығып, әлемдік деңгейде қола жүлдені жеңіп алды!
    Нұрғиса Қуанышұлын шын жүректен құттықтаймыз!

    ПАРА ЖҮЗУДЕН VII СПАРТАКИАДА ЖАРЫСЫ СӘТТІ АЯҚТАЛДЫ!

    VII Спартакиада аясында 22–24 маусым аралығында Тараз қаласында пара жүзуден өткен жарыс өз мәресіне жетті! Жарысқа еліміздің 18 өңірінен 150-ге жуық спортшы қатысып, елорданың намысын 16 спортшы қорғады.

    🏆Астана қаласы жалпыкомандалық есепте:
    Интеллектуалды мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында – II орын
    Көру мүшесі зақымдалған спортшылар арасында – IV орын
    Тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар арасында – V орын иеленді.

    🏅 Жалпы есеппен Елорда қоржынында:
    ТҚАЗ спортшылар бойынша: 8 алтын, 7 күміс, 3 қола
    Көру қабілеті төмен спортшылар бойынша: 4 алтын, 4 күміс, 3 қола
    Интеллектуалды мүмкіндігі шектеулі спортшылар: 5 алтын, 1 күміс
    Спортшыларымызды жеңістерімен құттықтаймыз!